Студентке күрделі тапсырманы орындауға көмектесіп, оны біртіндеп өз бетінше жұмыс істеуге қалай үйретуге болады? Жас педагог мектебі аясында өткен «Білім беру үдерісіндегі скаффолдинг: теориядан тәжірибеге» атты шеберлік сабағы осы мәселеге арналды. Оны жалпы білім беретін пәндер оқытушысы, педагог-зерттеуші Жанар Усенова өткізді.

Қатысушылар скаффолдинг қағидаттарымен танысты. Бұл тәсілде оқытушы студентке уақытша қолдау көрсетіп, кейін оны біртіндеп азайтады. Практикалық бөлімде педагогтер оқу жағдайларын талдап, студентке көмектесетін тәсілдерді таңдады және тапсырманы оқытушымен бірге орындаудан өз бетінше орындауға көшудің жолдарын қарастырды. Соңында олар осы тәсілдердің қайсысын өз сабақтарында қолдана алатынын анықтады.

Мұндай жұмыстың басты мақсаты — студентті алған білімін қолдануға, шешім қабылдауға және өз жұмысының нәтижесі үшін жауапкершілік алуға үйрету.