Колледждерді жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында «Жас маман»республикалық жобасын іске асыру басталды. Қостанай облысы бойынша «Жас маман» жобасына іріктелген 3 оқу орнының бірі Қостанай құрылыс колледжі болып табылады.
Жоба шеңберінде 2020 – 2021 жылдар ішінде WordSkills стандарттарына сәйкес, оларда жаңа жабдықтар мен техниканы шоғырландыра отырып, құзырет орталықтарын ашу жоспарлануда. Осы мақсатта жобаға қатысушы үш колледж «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес жабдықтарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Білімге салынған инвестициялар, әрине, өз жемісін береді. Құзырет орталықтарының ресурстарын тиімді пайдалану бойынша алгоритмдер әзірленді, олар басқа колледждердің студенттеріне әлемдік стандарттарға сәйкес жабдықтарда оқытудан өтуге мүмкіндік береді.
«Жасмаман» жобасын іске асыру барысында «Ғимараттар мен құрылымдар салу» мамандығы бойынша «Құрылыс ағаш шебері», «Сылақшы», «Техник құрылысшы», «Тас қалаушы» төрт біліктілік бойынша құзырет орталығын құру жоспарлануда. Заманауи жабдықтармен жабдықталған 20-дан астам кабинет, зертханалар мен шеберханалар іске қосылады.
Жоба аясында заманауи оқу жабдықтарын сатып алуға республикалық бюджеттен 322 588 000 теңгеден астам қаражат бөлінді.
Осылайша, ағымдағы жылы «Жас маман» жобасы шеңберінде сұранысқа ие төрт біліктілік бойынша оқыту үшін жабдықтарды сатып алу жүзеге асырылатын болады.